Көптен күткен қонақ
Көптен күткен қонақ

КӨПТЕН КҮТКЕН ҚОНАҚ

Сынаптай сырғыған сағаттар, уысымызда ұстатпайтын уақыт зымырап өтіп барады. Күні кеше ғана сол бір қасиетті күндердің ұзаққа қол бұлғап жылыстап бара жатқанын жүрегіміз сыздай сезінген едік. Әр сәті баға жетпес байлыққа баланар сол күндерді лайықты деңгейде өткізе алмадық-ау деген көңілді күпті етіп кеткен күдік әлі де есте...

Талпыныс    

Шіркін, келесі жылы аман болып, осы қасиетті күндерге қайта жетсем, кемшіліктеріммен күресуде, жақсылықта жарысуда, сауапты істе санаспауда аянып қалмаспын деген табанды талпыныс ой түкпірінде тұрақтаған-ды.

Үміт сәулесі...

Құран бетін қайта-қайта ашып, аяттарға тереңірек үңіліп, Жаратушының жұмыр бастыларға жіберген жазбасын жарғақ құлағымыз жастыққа тимей жаттасақ, маңдайды сәждеге қоюдан жалықпай, мінезімізді көркемдесек, пайдалы білімге сусындасақ,құлшылықтарымызды құнттап қуаттасақ деген көрікті ойлар көңілімізде көктеген еді.

Енді міне көп күттіріп сағындырған, мейірімге малындырған, Жаратушыға бағындырған қасиетке толы, жан-дүниеңді байытып, пенделіктен бір саты болса да жоғарылауға жеткізетін ерекше күндер қайта ортамызда.

Тіршілікке талпынысымыз тау қопарардай болса да, құлшылыққа қарай қадам басарда алға басқан аяғымыз кері кететін, ертеңі бітпес еріншектей енжарлық етімізді өлтіріп, бетімізді басатынымыз бар.

Бұл РАМАЗАН бұрынғысынан өзгерек...

Осы айды бұл жолы ерекше өткізсек, бес уақыт намазға бет бұра алмай жүргендер намазды толық өтеушілерге айналса, зиянды әдеттерден арыла алмай жүргендер одан арылып, темекіге тәуелді болғандар түк пайдасы жоқ, түбіне жетер түтінді түпкілікті тастап, ащы судан алып қоятындар онымен біржола қош айтысып, сағаттап сериалдарға сүйсінетіндер сол уақытта сүре жаттап, қалтасынан қартасы қалмай, құмар ойын ойнайтын қарттарымыз бұдан былай баталы да, бәтуалы болып, бізді бірлігіміз бекем болуға бастаса, сөйтіп жақсылыққа кенеле алсақ қандай керемет болар еді!

Рамазан айын тиімді, әрі мейлінше мол сауапқа кенелетіндей өткізу үшін не істеген жөн?...

ТӘУБЕ

Жақсылықтан мақұрым қалуға көбіне күнәлар себеп болады. Сондықтан, рамазанның мол сауабынан үлессіз қалмау үшін барлық күнәлардан тәубе етіп кешірім сұрау қажет.

НИЕТ

Шынайы ниетпен жасалған іс қана Алла алдында қабыл. Сонымен қатар шынайы ниет етіп, бірақ сол істі істей алмай қалса да, істегендей сауап жазылады. Ендеше, рамазанда көп жақсылық жасауға ниет етейік...

ДҰҒА

Ораза ұстаушының ауыз ашқанға дейін дұғасы қабыл болады. Әсіресе, ауызшар кезіндегі дұға-тілектер кері қайтарылмайды. Олай болса, рамазан айында көп дұға-тілектер тілейік...

ҚҰРАН

Рамазан – Құран түскен ай. Осы айда Құранмен достығымызды арттырайық. Бұл заманда бір сәт көзімізге көрінбей қалса алаңдап, сипақтап іздей бастайтын телефонымыз бізге о дүниеде шапағатшы болмайды. Ал Құран мен ораза Қияметте шапағат етеді. Ендеше, Құран айында қасиетті кітабымызды оқудан жалықпай, осы ізгі іс жыл бойына жалғасын тапсын. 

ТАРАУЫҚ

Рамазанның күндізі оразамен ерекшеленсе, түндері тік тұрып құлшылық өтеумен ерекшеленеді. Күнделікті мешіттерде оқылатын тарауық намазы жүрегімізді мешітке байлап, мұсылман бауыр ретінде бір-бірімізбен жақындаса түсуімізге үлкен септігін тигізбек. «Рамазан айының түндерін тік тұрып құлшылықта өткізген адамның бұрынғы күнәлары кешіріледі» дейді хадисте.

Уақыттың қадірі немесе бар болғаны 720 сағат...

Биылғы рамазан 30 күн. Бұл дегеніңіз осы айда бас аяғы 720 ғана сағат бар деген сөз. Басталған бетте бітпейтіндей көрінгенмен бұл ай да өте шығары хақ. Ендеше әр сағаттың қадірін білейік.

ҚАДІР ТҮНІ

Бұл айда мың айдан қайырлы бір түн бар. Мың ай – 83 жыл төрт айға тең келсе, бұл бір адамның ғұмыры. Бір түнді құлшылықпен өткізсек сонша сауап жазылмақ. Қадір түнін рамазанның соңғы 10 күндігіндегі тақ түндерден іздеңдер деген хадисте.

Рамазанда жеткен жетістікті жыл бойы сақтап дамыту

Осы айда имани, рухани деңгейімізді біршама дұрыстап ала алсақ, енді одан ораза бітісімен жұрдай болып қалмай,  арттыра білейік. Ең болмаса барымыздан айрылып қалмайық. 

РАМАЗАН – ТАҚУАЛЫҚ МЕКТЕБІ, ІЗГІЛЕР КЕРУЕНІНЕ ІЛЕСУГЕ БЕРІЛГЕН ТАҒЫ БІР МҮМКІНДІК!

Жандос Нығыман

Бейбіт ӘсетұлыБейбіт Әсетұлы
5 жыл бұрын 4084
0 пікір
Блог туралы