Санаулы күндер...
Санаулы күндер...

Өмірінде дәрігерге бармаған адам санаулы шығар?! Әрқайсымыз осы күнге дейін бір рет болса да дәрігердің қабылдауында болдық... Алдымен, ол біздің денсаулығымызды тексереді, сосын өз дәрігерлік шешімін (диагноз) айтып, дертке шипа болатын дәрі-дәрмектерін жазып, белгілі нұсқаулықтарын айтады. Солай емес пе? Неғұрлым білімі мен тәжірибесі көп болса соғұрлым дұрысырақ қорытынды жасайды. Мәселен, жақсы маман науқастың денсаулығын егжей-тегжейлі зерттеп, керекті анализдерін тапсыртып, науқаспен сұхбаттасады, себебін сұраған соң шешім қабылдауға тырысады. Сөйтіп, науқасқа қажетті дәрі-дәрмегі мен нұсқаулықтарын айтып санаулы күндерден кейін тағы келуін талап етеді. Мұның барлығы тәннің аурулары мен дерттеріне қатысты дүниелер...

Ал біз тек қана тәннен тұрмаймыз ғой. Бізде тәнімізден әлдеқайда маңыздырақ болған жанымыз бар емес пе? Жан болмаса тіршілік те жоқ. Алайда бұл - тәнге көңіл бөлмей-ақ қой деген сөз емес. Тәннің де хақысы бар. Бірақ біздер, осы күні, жанымызға, рухани байлығымызға қарағанда тәнімізге артығырақ мән беріп жүрген жоқпыз ба?! Дене мүшелеріміздің бірі сыздаса дереу оның емін іздейміз. Дәрігірге жүгіреміз, көмек сұраймыз. Ал, жан ше? Жан қайда қалды?! Жан дүниеміз ауруға шалдықпайды екен деп жүре беру бізді құрдымға жетелейді. Күнімізде көріп жүргеніміздей қаншалаған адамдар бар денсаулығы мықты, тепсе темір үзетіндей жағдайы бар, бірақ қатыгез, рахымдылық пен мейірімділіктен жұрдай. Кешіру білмейді, сабырсыз, дөрекі. Қаншалаған адамдар бар төрт құбыласы тең бірақ, міскінге жаны ашымайды, кедейге көмектеспейді, жетімге жүрегі жібімейді. Ашушаң, ата-анасына дөрекілік танытып, ауыр сөздер айтады, тіпті қарттар үйіне де апарып тастағандары да шаш етектен. Бұның бәрі жанымыздың кедейлігінен, жүрегіміз шалдыққан дерттерінің көптігінен, руханиятымыздың жұтаңдығынан. Бұл дерттермен күресу керек, емін қабылдау ләзім. Осы тұста әрбір оқырманда орында сұрақ туындайды, "қалай?" деген. Қалай өзгеремін, жанымды қалай тазартамын, жүрек дерттерінен қалай арыламын? Ол - оңай. Тек Алланың нұсқаулығына еріп, Оған сеніп, әрекет қылсаңыз сізден асқан жер жүзінде адам болмайды.  

Олай болса Алла тағала жанымызды тазартуға дайын, тек біз ұмтылсақ болғаны. Не арқылы тазартпақшы Алла? Алдымен баршамызды жоқтан бар еткен жалғыз, теңдесі жоқ Раббымыз бізге ненің жақсы ненің жаман, ненің дұрыс ненің бұрыс екенін өзімізден артық біледі. Олай болса Оның нұсқаулығына құлақ асып, еріп жүрсек болды. Қандай нұсқаулық ол? Сөзсіз ол - Құран. Адамзат баласының ұлы нұсқаулығы. Менің бойымда қандай кемшілік бар екен, жүрегімде қандай дерт бар екен деп жүрген жанға көмектесуге дайын тұрған, өкінішке қарай сөрелерде шаңбасып тұрған Құран(((. Мені алып, оқып, сауапқа кенеліп, жан дүниесін қашан тазартады екен деп он төрт ғасырдан бері бізді, адамзат баласын, күтумен жүрген Құран...

Жанымыз ауырса кідірместен Алла тағалаға және Оның Құранына жүгінуміз керек. Алла тағала біздің дерттерімізді білуші және Ол ғана дұрыс ем бере алады. Өйткені оның қасиетті есімдерінің бірі "әш-Шәфи", яғни шипа беруші, дерттен айықтырушы. Диагнозды ең дұрыс қоюшы да Ол, ең керемет емін де Өзі береді, себебі ең жанашыр, ең рахымды, ең жақсы Ол - Алла. 

Біз Алланы көрмейміз және Онымен тікелей тілдесе алмаймыз. Бірақ Алла тағала бізбен Құраны арқылы сөйлеседі, біздің дертімізге дауа болатын, жанымызды тыныштыққа бөлейтін аяттарын түсіріп қойды. Міне, сол аяттар арқылы бізді емдейді, рухымызды ләззаттандырады, жанымызды рахатқа бөлейді.

Жан дүниемізді тазартудың бірден бір жолы - ол Алла тағала ұсынған жол, өйткені, Одан асқан дана жоқ, Одан асқан тәрбиелеуші жоқ. Жүрегімізді сан түрлі дерттер мен нәпсімізді тәрбиелеудің Жаратушымыз ұсынған көркем жолы әрі лайықты кезі - Рамазан айы. Рамазан айы - Құран түскен ай. Рамазан айы - тәрбие айы. Рамазан айы - өз-өзімізді тану айы. Рамазан айы - Құранмен дос болу айы. Рамазан - айы - жұмақты жеңіп, тозақ отынан азат етілу айы. Рамазан айы - тағдырлар шешілетін ай. 

Өкінішке орай бұл ай санаулы күндерден ғана тұрады. Әр нәрсенің соңы бар болғандай бұл ай да аяқталмақ емес. Осы айда жан дүниемізді тазартып алуға барынша тырысып, жүрек дерттерінен айығуға ден қойып, шама-шарқымызға қарай тырысып бағуымыз өзіміз үшін хайырлы болмақ. Рамазан айы келісімен шайтандар кісенделіп, жұмақ есіктері ашылып, жәһаннам қақпалары жабылады. Алла тағала осы айда жұмаққа кіріп үлгеріп қал дегендей шақыру тастауда. Ұлы мүмкіндікті жіберіп алма. Өйткені бұл берекелі күндер санаулы ғана. Және біздің ғұмырымыз да санаулы. Келесі Рамазанда бармыз ба, жоқпыз ба бір Алла ғана біледі. 

Құрметті, мұсылман бауырым! Санаулы күндерді саналы түрде сауапқа толтыр, ерінбе, қажыма. Амал дәптеріңді ізгі, салихалы амалдар сиясымен жаз және кейінгі айларда оны өшіріп алма. Ғұмырыңның санаулы күндерін Алланың разылығын жеңіп алуға жұмса. Алла жар болсын!!!

Бейбіт ӘсетұлыБейбіт Әсетұлы
6 лет назад 4768
0 комментариев
О блоге